16 мамырда Стамбұлда Украина мен Ресей арасындағы келіссөз өтіп, кездесу екі сағатқа созылды. Келіссөз жайлы не белгілі?
Келіссөзде Украина мен Ресей тарабы "1000-да 1000" формуласымен тұтқын алмасуға келіскен. Бұл туралы келіссөзге қатысқан Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров мәлімдеді. Мұны Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Владимир Мединский де растады. Оның сөзінше, тұтқын алмасу "жақын күндері" болады.
Келіссөзден шыққан Мединский "кездесу нәтижесіне көңіліміз толады және байланысты жалғастыруға дайынбыз" деп мәлімдеді.
"Украина тарабы Ресей мен Украина президенттерінің тікелей келіссөз өткізуін сұрады. Бұл сұранысты түртіп алдық. Бұған қоса, әр тарап атысты қалай тоқтатуға болатынына қатысты ұсыныстарын айтады деп келістік. Ұсыныстар айтылған соң келіссөзді жалғастырамыз" деді ол.
Украина тарабы әзірге келіссөз қорытындысына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Ал Reuters және Ахios агенттіктері дереккөздеріне сілтеп, "Ресей Украинаның кейбір облыстарынан украиналық әскерилердің толық шығуын талап еткен. Ресей тарабы сонда ғана атысты тоқтатуға келісетінін айтқан" деп жазды. Агенттіктердің жазуынша, Украина ресейліктер келіссөзде орындалмайтын талаптар қойды деген.
Украина жоғарғы радасының депутаты Алексей Гончаренко "Ресей келіссөзде Луганск, Донецк, Херсон, Запорожье облысынан "Украина әскерилері шығуы керек деген талап қойды" дейді.
Мәскеу де, Киев те агенттіктердің бұл жазғандарына қатысты ресми пікір білдірмеді.
Украина мен Ресей арасындағы Стамбұлдағы келіссөз кеше, 15 мамырда өтуі керек еді. Ресейден келген делегация Украина тарабын ұзақ күтті. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Түркияға Ресей президенті Владимир Путинді шақырған еді. Алайда Путин Мәскеуде қалып, Стамбулға бір топ орынбасарлар мен әскерилерді жіберді. Келіссөзге Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский, сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин, қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин және басқа әскерилер қатысты.
Ал Зеленский Анкараға сапарында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Ол Ресей делегациясын сән үшін жіберген құрам деп сынаған. Осыдан соң Украина делегациясының құрамында қорғаныс министрі Рустем Умеров пен әскери құрылым басшыларының орынбасарлар болатынын жариялаған.
"Ресей делегациясы деңгейінің өте төмендігіне қарамастан президент Дональд Трамп пен президент Ердоғанға құрметіміз ретінде және соғыс пен атысты тоқтатуға бағытталған алғашқы қадам жасау үшін біз делегациямызды Стамбұлға жіберуге шешім қабылдадық. Бірақ біздің делегацияда мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы мен президент кеңсесінің басшысы болмайды. Делегацияны қорғаныс министрі басқарады" деген еді Зеленский.
Украина мен Ресей соңғы рет 2022 жылы наурызда (2022 жылы ақпанның соңында соғыс басталған) Стамбұлда келіссөз өткізіп, бұл кездесу нәтиже бермеген еді.
ПІКІРЛЕР